Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 мамырдағы №193 бұйрығына сәйкес 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын, жалпы орта білім туралы үздік аттестатын және негізгі орта білім туралы үздік аттестатын алуға үміткерлерге (бұдан әрі – Үміткер) қойылатын талаптар күшейтілді.
Жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлерге қатысты
Енгізілген өзгерістерге байланысты Үміткердің негізгі орта білім туралы үздік аттестаты және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларына немесе «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының оқу бағдарламаларына сәйкес 10 (11) - 11 (12) сыныптардағы оқу кезеңінде барлық пәндер бойынша тоқсандық, жылдық және қорытынды бағалары «5» болуы тиіс.
Бұған дейін үміткерлерге қойылатын талап мынадай болатын: «Жақсы мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары «5» болған және жалпы орта білімді аяқтау бойынша қорытынды аттестаттаудан «5» деген бағаға өткен 11 (12) сынып бітірушілеріне № 39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі.».
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Осылайша, жаңа талаптар 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енгендіктен, «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатқа үміткердің 10-сыныпта тоқсандық бағасында «4» болуы мүмкін (НЗМ үшін 11-сыныпта), 11-сыныпта барлық тоқсандық, жылдық бағалары «5» болуы тиіс (НЗМ үшін
12-сыныпта).
Жалпы орта білім туралы үздік аттестат алуға үміткерлерге қатысты
Бұрынғы редакцияда талап мынадай болатын: «Жалпы орта білім туралы аттестатқа қосымшаға енгізілетін оқыған пәндерден «5» алған және жылдық, қорытынды бағалары «5» болған 11 (12)-сынып бітірушілеріне № 39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білім туралы үздік аттестат беріледі.».
Қолданыстағы редакцияда нақтыланды – «Жалпы орта білім туралы аттестатқа қосымшаға енгізілетін пәндерден «5» алған және 10 (11) - 11 (12) сыныптардағы оқу кезеңінде барлық пәндер бойынша жылдық, қорытынды бағалары «5» болған 11 (12) сынып бітірушілеріне № 39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білім туралы үздік аттестат беріледі.».
Қолданыстағы норманы басшылыққа алу қажет.
Негізгі орта білім туралы үздік аттестат алуға үміткерлерге қатысты
Енгізілген өзгерістерге байланысты Үміткердің 5-9 (10) сыныптар аралығындағы оқу кезеңінде барлық пәндер бойынша жылдық бағалары «5» болуы тиіс (норма 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді).
Бұрынғы талап мынадай болатын: «негізгі орта білім туралы аттестатқа қосымшаға енгізілетін оқыған пәндер бойынша бағасы «5» болған 9 (10) сынып бітірушілеріне негізгі орта білім туралы үздік аттестат беріледі.».
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Осылайша, жаңа талаптар 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енгендіктен, негізгі орта білім туралы үздік аттестатқа үміткердің 5-8 сыныптарда (НЗМ үшін – 6-9 сыныптарда) жылдық бағаларында «4» болуы мүмкін, 9 сыныпта барлық пәндер бойынша жылдық бағалар «5» болуы тиіс (НЗМ үшін 10 сыныпта).
Тиісінше, жылдық бағасында «4» болуы мүмкін: 2023-2024 оқу жылы – 6-8 сыныптарда (НЗМ - 7-9 сыныптарда), 2024-2025 оқу жылы – 7-8 сыныптарда (НЗМ - 8-9 сыныптарда), 2025-2026 оқу жылы – 8 сыныпта (НЗМ – 9 сыныпта).